+7 747 110 32 35
28.11.2017 15:13
Чемпионатқа жеңу үшін қатысамыз

Чемпионатқа жеңу үшін қатысамыз

Биыл оңтүстік өңірдің «Ордабасы» командасы өз тарихында Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін алғаш рет жеңіп алды. Тек «Астана» мен «Қайратқа» жол берген клубтың президенті Бахтияр Байсеітовпен сұхбаттасып, жоспарлары мен жорамалы туралы білген едік.

SPORTPLUS: Бәке, биылғы жетістіктеріңіз құтты болсын! Қола алу оңайға  түспеген болар? Әлде ойларыңыз одан да биікте ме еді?

БАЙСЕІТОВ: Рахмет! Әрине, бәріміз де чемпионатқа жеңу үшін қатысамыз ғой. Бірақ, «Аяз би әліңді біл» деген бар емес пе. Өз шамамызды, құрамымызды бағамдап, саралап қарағанда, «Астана» мен «Қайрат» клубтарымен бәсекеге түсу оңай емес екенін, «әу» бастан-ақ, түсінгенбіз. Олардың бюджеті қалың, соған орай,  мүмкіндіктері де зор. Ал, кем дегенде, «қоланы» олжалау жоспарымызда бар болғаны рас.

SPORTPLUS: «Ордабасы» чемпионатты өте жақсы бастағанымен, орта тұсында шаршап қалғандай болды. Не жетпеді?

БАЙСЕІТОВ: Негізгі проблема команданы жасақтауға қатысты. Тек бізде ғана емес, бар клубтарда солай. Жаттықтырушы команданы алаңға өзі құрған тактикалық схемамаен алып шығады. Әр ойыншының атқарар жұмысы жаттығу барысында нықталып,  ол соны орындауы керек. Кейде, сенген ойыншыңның қойған тапсырманы орындауға шамасы келмей жатады. Мысалы, біз бірінші ойында өз алаңымызда «Астананы» 3-0 есебімен ұтып, келесі ойында Атырауда ұтылып қала жаздадық. Тек соңғы секундтарда гол соғып, тең есепке әрең қол жеткіздік. Одан кейін, Ақтөбеде, Шымкентте екі ойында жеңіске жетіп, чемпионатты жақсы бастадық. Бірақ, проблемалар қатар жүрді. Мысалы, Түрік елінде өткен жаттығу жиынына сенегалдық легионер Диакате қатыса алмады. Құжатында мөрі жоқ деген сылтаумен,  оны Түркиеге жібермеді. Амал жоқ, өз бетінше, өз елінде жаттықты. Командалық жаттығудан  қол үзді.  Содан, алғашқы екі-үш ойыннан кейін «отырып» қалды.  Сондықтан, ойыншының бабына келгені керек. Біз команданы күшейтпек мақсатында, аргентиналық Фонтанелланы, Петербордан Бочаровты, «Томьнан» Ковальчукты алдық. Болгар Иордановты шақырдық. Ал, сол Иордановтан алғашқы кездері аса пайда да көрмедік. Есесіне, чемпионат соңындағы маңызды ойындарда қажет голдарды соғып, алты ұпай алуымызға септігін тигізді.

Футболда қақтығыс көп, жарақат алып қалу оңай. Чемпионаттың орта тұсында команданы осы мәселе меңдеді. Фонтанелла, Симичвичтер ауырып қалды. Ковальчук жарақат алды. Амал жоқ, құрамды, ойын тактикасын жүре  өзгертуге тура келді. Міне, осы кезеңде ұтыла бастадық.

SPORTPLUS: Жас ойыншыларға мүмкіндік туған екен ғой...

БАЙСЕІТОВ: Иә, дәл осы тұста Темірлан Ерланов өзін жақсы қырынан танытты.  Жастығына қарамай-ақ, қорғаныстың орталық шебін сеніп тапсыруға болатынын өз ойынымен дәлелдеп шықты. Мұндай жастарға Фонтонелла сынды әккі аргентиналықпен бірге ойнау нағыз тәжірибе мектебі болды. Бұдан бөлек, жартылай қорғаушы Мардан Төлебектің ойыны  атап өтуге тұрарлық.   Симчивич, Смақовтардың да деңгейі жоғары болды.

SPORTPLUS: Былтыр «Қайратқа» қарсы жақсы ойнаған едіңіздер, биыл «Астананың» жолын кестіңіздер.

БАЙСЕІТОВ: «Астананы» өз алаңымызда екі рет ұттық. Сырт алаңда ойын аяқталуға жиырма секунд қалғанда гол жіберіп алдық. Оған да төрешінің салғырттығы сеп болған сыңайлы. Фонтонелла әуедегі допқа таласам деп, қақтығысып, тұра алмай  жатып қалған болатын. Төреші ысқырып, ойынды тоқтатуы  керек еді, бірақ олай болмады. Осы сәтті пайдаланған  Тағыберген біздің қақпаға доп салып кетті.

SPORTPLUS: Келесі маусым қарсаңында Фонтенелла бастаған бірнеше ойыншы «Ордабасынан» кетеді деген қаңқу сөздер шығып жатыр. Сенуге болатын ақпарат па, әлде сіздің «аяғыңыздан шалу» ма?

БАЙСЕІТОВ: Қаңқу сөздің аты – қаңқу сөз ғой. Азат  Нұрғалиев пен Танат Нөсербаевтың «Жетісуға» «кеткені» де, сол клубқа Фонтонелланың да «кетпекші екені»  де еш негізі жоқ,  бос  әңгіме. Бәсеке, тартыс болған соң, ол клубқа қатысты бар деңгейде жүреді. Ақпараттық «соғыс» та соның бір бөлшегі. Қауқарын жасыл алаңда таныта алмаған қарсыластардың  ұстанған «қаруы» сондай болады.  Тіпті, «Байсейітов «Ордабасын» сатып алыпты»  деген де өсек пайда болды. «Өсек» дейтінім  сол, жел сөз ғана. Әйтпесе, футбол ойнап, командаларды жаттықтырудан басқа тірлігі болмаған менде ондай қаржы қайдан болсын?!  Команданың қожайындары кім екені барша жұртқа да, Қазақстан футбол федерациясына да белгілі. Мен тек басқарушы менеджер ғанамын. Маған қойылған міндет – команданы жаңа биіктерге сүйреу. Өзімнің де бар есіл-дертім –  сол  сенімнен шығып, мықты команда құру. Кәзір елдегі футбол саласының алған бағыты – командалардың мемлекет бюджетінен кетіп, үлестік сипаттағы жеке меншікке өтуі. «Қайрат» пен «Ордабасы» сияқты, басқа командалар да сол жүйеге өтеді. Мұндай үрдіс отандық футболдың дамуына  септігін тигізері анық. Ал, әзірге шешілмей тұрған проблема – жалақы бойынша аздап қарызымыз бар. Мен, кәзір тікелей сол мәселемен айналысып жатырмын. Жуырда ол проблемадан  құтылатынымыз анық.

SPORTPLUS: Сіз талантты  қазақ жастарын  жинап жатырсыз. Ел футболының ертеңін жасайтындары бар ма?

БАЙСЕІТОВ: Ол мәселе бізде бірінші орында. Салыстыра қарасаңыз, қазақтарды  көптеп жинап, ойынға шығаратын біздің команда. Астанамен ойнағанда, 18 жасар жасөспірімді қойдық. Орталық қорғаныс шебіне. Сағадат деген. Өте жақсы.  Бойы да, ойынға деген ойы да. Ерлановқа ұқсайды. Қақпада Бекбаев, оның дублеры Нұрмұхамедов, жаңағы Ерланов пен  Сағадат бар, Төлебек бар, Самат Смақов, Тұңғышбаев, Нұрғалиев, Нөсербаев бар, Бейсенов, Жұмақанов бар. Әр ойында алты- жеті қазақ ойнайды. Көбісі жастар. Отандық футболдың ертеңі емей, немене? Мысалы, Тұңғышбаев. Кәзір тәжірибесі де өсті. Биыл жақсы ойнады. Ұтымды пас берудің шебері.  Мардан Төлебек төрт-бес рет алыстан айып доптарын әдемі  салды. Соққылары мықты. Нұрғалиев , Нөсербаев, бірі тоғыз, екіншісі бес гол салды. Кәзір жақсы ойыншылар баршылық. Жасөспірімдер өте көп.  Жақын күндері жаттығу жиыны үшін Туркиеге кетпекші болып жатырмыз. Соған 18, 19-ғы  жастардың бес-алтауын аламыз.  Академия жақсы жұмыс істеп жатыр. Спорт департаментінің басшысы Нұртаев Әлібек деген жігіт. Іскер, спортты сүйеді. Бір күндері академияның жұмысы саябырсып қалғандай болып еді, соны Нұртаев қалпына келтірді. Испандық мамандар тәлім береді. Ордабасының өзінің орталығы бар. Үміт күттіретін жастарды сол мектепке береміз. Кәзір келісімге қол қоюға болмайды деген соң, «Қайрат» сияқты  алпауыттар  үгіттеп, алып кетіп жатыр...біз, өзімізде қалдырсақ  деп, тырысып жатырмыз. «Қыран»  деген команда бар Шымкентте, бірінші лиганың командалары бар. «Ордабасының» дублі  бар, екінші лиганың командасын құрмақшымыз...  Сондықтан, ойымыз –  жастарды дұрыс тәрбиелеп, көзге көрініп жатса, өзіміздің аймақта  қалдыру.

SPORTPLUS: Сіздерде асып кеткен қаржы да жоқ. Трансферлік рынокта легионерлерді  қалай таңдайсыздар?

БАЙСЕІТОВ: Қымбатқа ойыншы сатып алуға бізде мүмкіндіктер шамалы. Оны қалтамыз көтермейді. Твумаси, Аршавиндерді алып келе алмаймыз. «Астана» мен «Қайраттың» оған қаражаты бар. Сатып алады, дұрыс жалақы төлеуге бюджеттері жетеді. Біз болсақ, келісім шарты аяқталған, еркін агенттерді іздейміз.  Тек жалақы төлейтіндей.  Егер, чемпион боламыз деген мақсат қойсақ,әрине,  мықты ойыншылар сатып ала алатындай мүмкіндігіміз болуы керек.  Дегенмен де, ондай қаржының тапшылығы отандық жастарға мүмкіндікті кеңірек беріп жатыр.  Біз жаңа маусымда  команда сапына бірнеше жас ойыншыны қоспақшы ойдамыз. Оңтүстікте талантты жастар да көп. Биыл  өткен барлық турнирларда обылыстың алты командасының үшеуі үздік шықты. 2001-ші, 2003-ші жылғы жасөспірімдер. Бұрынғы ойыншылар да, негізінен,  қалады. Бір екі мықты легионер керек. Қандай ойыншы аламыз. Ол жағын қарастырып жатырмыз.Өйткені Европа аренасында ойнайтын боламыз. Ол үшін қаржы табылып жатса, шет елден жақсы футболшы алып келуге менің шамам бар.  Қалай десек те, жаңа маусымда да  жүлделі орындарға таласатын боламыз.

107


comments powered by HyperComments